Қазақстанның барлық аймақтарынан 400 қыз-келіншек Ақкөлде «Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты форумда бас қосып, ауыл әйелдерінің мүмкіндіктері мен мәселелерін талқылады.

Іс-шара ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Ауыл» партиясы және Ақмола облысы әкімдігі.
Форумның басты мақсаты – Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен «Ауыл» партиясының міндеттерін таныстыру және ең бастысы, ауыл әйелдерінің экономикалық әлеуетін арттыру.

Форум ауылдық аймақтардағы әйелдердің рөлін нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және көшбасшылық қабілеттерін арттыруға бағытталған тиімді диалог алаңына айналды. Іс-шара аясында дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдері, отандық өндіріс және қолөнер туындылары қойылған көрмені ұйымдастырылып, қатысушыларға ауыл кәсіпкерлерінің еңбек жемісін көруге мүмкіндік берді.

«Ауылдық жерлердегі әйелдердің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту: өңірлік даму саясатының негізі» атты пленарлық сессияда сарапшылар, табысты бизнес өкілдері және қоғамдық бастамалардың көшбасшылары сөз сөйледі. Форум спикерлері ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік әлеуетін, жаңа технологияларды игеру мүмкіндіктерін және өңірлік дамудағы өз тәжірибелерін ортаға салды.
Цифрлық Технологиялардың Жаңа Мүмкіндіктері: «TechnoWomen» әйелдер қауымдастығының мүшесі, кәсіпкер, Астана қаласынан Ғалия Мейрамқызы Оразалинова жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың ауыл әйелдері үшін кәсіпкерлікте жаңа көкжиектер ашып отырғанын баяндады.

Форум аясында қатысушылар «Smart Aqkol» технологиялық хабы мен Республикалық ғарыштық байланыс орталығын аралап, цифрлық шешімдермен және өңірдегі заманауи коммуникациялық мүмкіндіктермен танысты.
Қорытындылай келе, қатысушылар ауыл әйелдеріне жүйелі қолдау көрсетудің, кооперацияны дамытудың, экспортқа бағытталған кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың және мемлекеттік саясат шараларын жетілдірудің қажеттілігін атап өтті. Ақкөл форумы ауыл әйелдерінің жарқын болашағына жол ашқан маңызды қадам болды.
