
2026 жылғы 12 қарашада Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында UM.AI AI for Her әйелдерге арналған IT-митабы өтті. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің, Astana Innovations және Astana Hub қолдауымен ұйымдастырылып, технология саласында жұмыс істейтін, өз жобаларын дамытып жүрген және IT бағытында мансап құруға қызығушылық танытатын әйелдерді біріктірді.
Митаптың басты тақырыбы – жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері, цифрлық экономиканың өзгеруі және технологиялық индустриядағы әйелдердің мүмкіндіктері.
Іс-шараның ашылуында Astana Innovations басқарма төрағасының орынбасары Шынар Кәнтуренова әйелдер көшбасшылығын қолдау және цифрлық салада тең мүмкіндіктер қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, әйелдердің технологиялық командаларды басқаруға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және шешім қабылдау процестеріне қатысуына жағдай жасау – қаланың цифрлық дамуының маңызды бағыттарының бірі.
Бағдарлама WOMEN IN DIGITAL WALL интерактивті аймағынан басталды. Қатысушылар елорданың цифрлық бастамаларымен танысып, өзара байланыс орнатып, қалалық цифрлық өнімдерді жетілдіруге қатысты идеяларын ұсынды.
Іс-шараның модераторы – стартаптар бойынша кеңесші, TechWomen бағдарламасының түлегі Шұғыла Сағынбекова болды. Сонымен қатар Astana Innovations жобасының жетекшісі Лаура Ташева қатысушыларға astana.kz қалалық цифрлық жобасын таныстырды.

Жасанды интеллект және технологиялық бизнестегі әйелдер көшбасшылығы
Митаптың іскерлік бағдарламасы Blockchain & AI Technology Center бас директоры Айдана Қасқырбекпен өткен Fireside Chat форматындағы сұхбаттан басталды. Әңгіме барысында технологиялық бизнестегі кәсіби жол, көшбасшылық және IT индустриясында кездесетін негізгі сын-қатерлер талқыланды.
Келесі кезекте «Цифрлық болашақ: алдағы жылдары не өзгереді?» тақырыбында панельдік пікірталас өтті. Сарапшылар жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалын, болашақ мамандықтарын, жаңа цифрлық дағдыларды және технологиялық өзгерістерге бейімделу мәселелерін талқылады.
Панельдік сессияға:
- Ләззат Боранқұлова – Growth Vision Pro және Khan Tengri Innovation Hub бас директоры;
- Анар Төлеубаева – Qaz.AI төрағасының орынбасары, Women in Tech Kazakhstan Chapter ұйымының AI Team Lead маманы;
- Әлия Оразымбетова – She Innovator Eurasia медиа-платформасының CEO-сы, TechnoWomen басқарма мүшесі, CyberBala жобасының авторы қатысты.

Пікірталасты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің халықаралық бизнес және PR мәселелері жөніндегі кеңесшісі Айнұр Есбосынова жүргізді.
Талқылау барысында жасанды интеллектіні тек технологиялық жаңалық ретінде емес, кәсіби даму мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын құрал ретінде қарастыру қажеттігі айтылды. Сарапшылардың пікірінше, болашақта мамандар үшін AI құралдарын меңгерумен қатар, сыни ойлау, коммуникация, креативтілік және өзгерістерге жылдам бейімделу қабілеті де маңызды болмақ.
Цифрлық қауіпсіздік – болашақтың маңызды дағдысы
Іс-шараның практикалық бөлімінде Cybersecurity & Digital Safety тақырыбында воркшоп ұйымдастырылды. Оны ҚР ақпараттық қауіпсіздік менеджменті жүйесінің аудиторы, «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры Жанаргүл Абдрахманова өткізді.

Қатысушылар жұмыс барысында және күнделікті өмірде деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық ортадағы жеке деректердің қорғалу мәселелерін практикалық тұрғыда қарастырды.
Әйелдердің цифрлық экономикадағы рөлі
UM.AI AI for Her митабы әйелдердің IT және жасанды интеллект саласындағы кәсіби әлеуетін дамытуға, тәжірибе алмасуға және жаңа байланыстар орнатуға арналған маңызды алаңға айналды.
2026 жылы іс-шара офлайн форматта өтіп, технологиялық компаниялардың басшыларын, стартап негізін қалаушыларды, халықаралық тәжірибесі бар сарапшыларды және цифрландыру саласындағы мемлекеттік органдар өкілдерін бір ортаға жинады.

Мұндай кездесулер әйелдердің технологиялық экожүйедегі рөлін нығайтып қана қоймай, жаңа идеялардың, кәсіби серіктестіктер мен инновациялық бастамалардың қалыптасуына мүмкіндік береді.
