
15 тамызда Астанада қазақ күресінен XV республикалық Qazaqstan Barysy-2026 супертурнирі өтті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірінен іріктелген 40 балуан қатысты. Қатысушылар қатарында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың өкілдері, сондай-ақ «Әскер Барысы» турнирінің үздіктері болды.
Биылғы турнирдің басты жүлдесі Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғаповқа бұйырды. «Қара бура» лақап атымен танымал спортшы Qazaqstan Barysy тарихындағы тәжірибелі балуандардың бірі. Ол бұған дейін турнирдің үш дүркін жүлдегері атанған, сондай-ақ V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы ретінде танымал.

Биылғы бәсекеге ұлттық күрестің бірнеше буын чемпиондары да қатысты. Боз кілемге 2017 жылғы чемпион Еламан Ерғалиев, 2021 жылғы жеңімпаз Дәурен Нұралинов және 2023 жылғы чемпион Ғалымжан Қырықбай шықты. Сонымен қатар 2025 жылғы Азия чемпионы Қайсар Шәмшидинов, Qazaqstan Barysy-2024 қола жүлдегері Саят Шәмшиев және Қазақстан чемпионы Олжас Шынкеев секілді мықты балуандар бақ сынады.
Турнирдің жалпы жүлде қоры — 28,5 млн теңге. Оның ішінде чемпионға 15 млн теңге, чемпионның жаттықтырушысына 2,5 млн теңге қарастырылған. Екінші орын алған балуанға 3,5 млн, оның жаттықтырушысына 1 млн теңге, ал үшінші орын иегеріне 1,5 млн, жаттықтырушысына 700 мың теңге табысталады. Бұдан бөлек, әр жеңіс үшін балуанға 100 мың теңге төленді.
Турнирге қызығушылық та жоғары болды. Жарыс басталғанға дейін 2 500 билет сатылып, таратылған, ал ұйымдастырушылар шараға шамамен 3 500 көрермен келеді деп күткен.

Qazaqstan Barysy — қазақ күресін дәріптеп қана қоймай, ұлттық спорттағы жаңа есімдерді танытып, ел өңірлеріндегі балуандардың басын қосатын маңызды спорттық алаң. Биылғы XV турнир де ұлттық спорттың беделі мен оған деген көрермен қызығушылығының жоғары екенін көрсетті.
Qazaqstan Barysy-2026 жеңімпазы Нұрдәулет Жарылғаповты жеңісімен құттықтаймыз!
